Аудандық кітапханада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Бір шаңырақ астындағы Қазақстан» атты танымдық іс-шара өтті. Кездесуге әртүрлі буын өкілдері – балалар, ата-аналар және аға буын өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында кітапханашы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының шығу тарихы, олардың авторлары мен рәміздік маңызы туралы әңгімеледі. Қатысушылар мемлекеттік рәміздерге қатысты қызықты деректермен танысып, олардың жасалу тарихы мен ел өміріндегі маңызын баяндайтын тақырыптық бейнероликті тамашалады.
Балалар үшін танымдық викторина ұйымдастырылып, қатысушылар мемлекеттік рәміздер мен тәуелсіз Қазақстан тарихы бойынша өз білімдерін сынады.
Іс-шара барысында жас қатысушыларға ерекше көңіл бөлінді. Балалар үшін «Менің мемлекеттік рәміздерім» атты сурет байқауы өткізілді. Байқау аясында олар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және Отанға деген сүйіспеншілікті бейнелейтін басқа да нышандарды қағаз бетіне түсірді. Балалардың жұмыстары жарқын түстерімен, шынайылығымен және шығармашылық көзқарасымен ерекшеленді.