3 наурыз күні бүкіл әлемде Дүниежүзілік жазушылар күні аталып өтеді. Бұл — өз таланты мен шабытын арқау етіп, қоғамның рухани келбетін қалыптастырып, әлемдік мәдениетті байытқан қаламгерлерге арналған мереке. Бұл күн жазушылар мен журналистердің білім мен мәдениетті дамытуға, ұлттық сананы нығайтуға қосқан зор үлесін еске салады.
Жазушы болу — тұтас бір әлемді тудыру, кейде оны қайта жаңғырту, кейде жаңаша қырынан ашу деген сөз. Бұл — шабытты, төзімділік пен батылдықты талап ететін тынымсыз еңбек. Әрбір жазылған сөз — белгісіздікке жасалған қадам, оқырман жүрегіне жол табуға ұмтылыс, әдебиетте ғана емес, адам жадында із қалдыру ниеті.
Қазақстан жері ұлттық әрі әлемдік мәдениеттің қазынасына айналған туындыларды дүниеге әкелген дарынды қаламгерлерге бай. Солардың қатарында ұлы ойшыл әрі ақын Абай Құнанбайұлы, жыр алыбы Жамбыл Жабаев, көрнекті ақын Мағжан Жұмабаев, жазушы әрі қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов және басқа да сөз зергерлері бар.
Биыл қазақстандық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің мерейтойлары атап өтіледі:
180 жыл — Жамбыл Жабаевтың туғанына. Оның шығармашылығы халық поэзиясының символына, қазақ халқының рухани қуатының айнасына айналды.
130 жыл — Максим Зверевтің туғанына. Ол туған өлкенің табиғатын жырлаған жазушы-натуралист.
120 жыл — Иван Шуховтың туғанына. Қаламгер ХХ ғасырдағы қазақ даласының тыныс-тіршілігін, адам тағдырын шынайы бейнеледі.
95 жыл — Мұқағали Мақатаевтың туғанына. Ол — жүрек тербетер лирикасымен ерекшеленетін, өлеңдері шынайылық пен Отанға деген сүйіспеншілікке толы ақын.
90 жыл — Олжас Сүлейменовтың туғанына. Ақын, ойшыл әрі қоғам қайраткері ретінде оның шығармашылығы кең тыныстығымен және азаматтық ұстанымының тереңдігімен дараланады.
Жазушылардың мерейтойы — олардың шығармаларына қайта үңіліп, жаңа қырынан тануға, әдебиетке деген сүйіспеншілікті жас ұрпаққа насихаттауға тамаша мүмкіндік.
Жазушылар туралы қызықты деректер:
• Жамбыл Жабаев айтыс өнеріне қатысып, өлеңді тыңдаушылардың көз алдында суырыпсалма түрде шығарған.
• Мұқағали Мақатаев көзі тірісінде кең танымал бола қоймағанымен, бүгінде оның поэзиясы ұлттық мұраға айналып, көптеген өлеңдеріне ән жазылған.
• Олжас Сүлейменов ақын ғана емес, тарих пен тіл мәселелерін зерттеген ғалым ретінде де белгілі, еңбектері қоғамда үлкен қызығушылық тудырған.
• Максим Зверев шығармаларын Қазақстан табиғатын ұзақ жылдар бойы зерттеп, жеке бақылауларына сүйене отырып жазған.
• Иван Шухов өз еңбектерінде қазақ ауылдарының өмірін жан-жақты сипаттап, дәуір шежіресін жасаған қаламгер ретінде танылды.
• Абай Құнанбайұлы қазақ жазба әдебиетінің дамуына зор үлес қосып, орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аудару арқылы оқырманға әлем поэзиясының жаңа көкжиектерін ашты.
Дүниежүзілік жазушылар күні — аудандық кітапханаға барып, сүйікті авторлардың кітаптарын таңдап, сөз өнерінің ғажайып әлеміне енуге тамаша мүмкіндік.